Қараша айында Астанада БҰҰ қолдауымен киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференция өтеді. Оған дайындық мәселелері Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Венадағы кездесулерінде талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ержан Сәденов Аустрия астанасында өткен БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 13-сессиясына қатысты.

Халықаралық форумға 130-дан астам мемлекеттің өкілдері жиналды. Қатысушылар ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне, адам саудасына және киберқауіптерге қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сапар барысында Ержан Сәденов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Моника Джумамен кездесті.

Кездесуде трансұлттық қылмысқа, есірткі бизнесіне және киберқауіптерге қарсы күрес мәселелері қаралды. Тараптар қараша айында Астанада өтетін халықаралық конференцияға дайындық барысына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Қазақстанның Ішкі істер министрі Аустрияның Федералдық ішкі істер министрі Герхард Карнермен келіссөз жүргізді.

Тараптар көші-қон саласындағы ынтымақтастық, құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметіне заманауи технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
ІІМ мәліметінше, халықаралық кездесулер құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті нығайтуға және трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Бұдан бұрын Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтетіні хабарланған еді.