Маңғыстау облысында 1969 жылы салынған Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, мердігер ұйымның өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және өңір тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов теміржол вокзалдарын жаңарту жолаушылар инфрақұрылымын жетілдіруде және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи жағдайларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың сәулеттік келбеті заманауи сипатқа ие болып, инфрақұрылымы жолаушылар үшін неғұрлым функционалды әрі қолайлы бола түсті. Жаңғыртудың басты мақсаты – әрбір жолаушы үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді жағдай жасау», – деді Жәнібек Тайжанов.
Қайта жаңғырту барысында вокзалдың техникалық қабаты бар үш қабатты ғимараты толық жаңартылды. Қасбеті мен шатыры, ішкі бөлмелері, инженерлік желілері және байланыс жүйелері жаңартылды. Ғимаратта билет кассалары, күту залдары, тексеру аймағы, ана мен бала бөлмесі, ұзақ уақыт демалуға арналған бөлмелер, сондай-ақ сауда және сервистік қызмет көрсету нысандары жабдықталды.
Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Вокзалда лифтілер, эскалаторлар мен траволаторлар орнатылып, тактильді навигация жүйесі және қозғалысы шектеулі жолаушылардың демалуына арналған арнайы бөлмелер қарастырылды. Сонымен қатар вокзал бейнебақылау, желдету, өрт қауіпсіздігі және қолжетімділікті бақылаудың заманауи жүйелерімен жабдықталды.
Маңғыстау станциясының вокзалы I санатқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушы ағыны шамамен 2 500 адам. Станция арқылы өңірді Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Орал және Атырау қалаларымен, сондай-ақ Өзбекстанмен байланыстыратын 16 жолаушылар пойызы қатынайды.
Еске сала кетсек, 1 қазаннан бастап пойыз билеттері уақытша 10%-ға арзандайды.





