Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Қостанай филиалы директорының міндетін атқарушы Сәкен Көкішев пен Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының басшысы Алмат Абжанов өңірдегі вегетация кезеңінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2026 жылғы суару маусымында филиал 6 512 гектар жерді суару үшін тұтынушыларға 20,3 млн текше метр су берді.
Қазіргі уақытта облыстағы ең ірі Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары 70%-ға толған. Екі су қоймасында барлығы 981,3 млн текше метр су жиналған. Олардың жалпы жобалық сыйымдылығы 1,4 млрд текше метрді құрайды.
Бүгінгі таңда Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы арнайы су пайдалануға 109 рұқсат берген. Жыл басынан бері 36 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 31 заңбұзушылық анықталды.
«Жыл сайын вегетация кезеңінде су қоймаларынан қауіпсіз су жіберу жұмыстары жүргізіледі. Су тұтынушыларын қамтамасыз ету үшін өзендердегі судың қажетті деңгейі сақталады. Сонымен қатар қажет болған жағдайда филиал қызметкерлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер өткізеді», – деді «Қазсушар» РМК Қостанай филиалы директорының міндетін атқарушы Сәкен Көкішев.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында үш ауыл орталықтандырылған суға қосылды.