Астанада Республика күні қарсаңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Дөңгелек үстел форматындағы іс-шара Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жаңа басылымның басты ерекшелігі – Түркістан ұғымының бүгінгі қала мен облыстың әкімшілік-аумақтық шеңберімен ғана шектелмей, тұтас түркі өркениетінің тарихи-мәдени кеңістігі аясында қарастырылуы. Осы тұрғыдан алғанда, энциклопедия Түркістанның қазақ халқының тарихындағы ғана емес, жалпы түркі халықтарының ортақ тарихи жадындағы, рухани дүниесіндегі және өркениеттік дамуындағы орнын кешенді түрде танытады.

Ауқымды ғылыми жобаға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші тартылып, 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделенді.
880 беттік екі томдық іргелі еңбектің бас редакторы әрі жоба жетекшісі – белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі еңбектің шығу тарихы мен ерекшелігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің 2021 жылғы 31 наурызда өткен саммитінде «Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деп атап айтқан еді. Бұл сөз бізге бағдар болып, 2021 жылы басталған жоба нәтижесінде 4 мыңнан астам мақала қамтылған осы қос томдық энциклопедия жарық көрді.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан түркілер елі, түркілер мекені деген мағына береді. Ол туыс халықтардың тұтастығын айқындайтын географиялық, мәдени, рухани және саяси кеңістіктегі ауқымды аймақ - өркениеттік матрица. Осы тұрғыдан алғанда, еңбекте Орталық Азиядан бастап, тұтас түркі әлемін қамтитын кең мағынадағы Түркістан ұғымы, оның байтақ тарихы, өркениеті мен мәдениеті, археологиялық және архитектуралық мұралары, әдебиеті, фольклоры мен этнографиясы жан-жақты зерделенген. Сонымен қатар терминдер, категориялар мен ғылыми-танымдық ұғым-түсініктер жүйеленген.
Бұған дейін бір томдық «Түркістан» энциклопедиясының жарық көргені белгілі. Одан бері өңірде, түркі әлемінде үлкен өзгерістер болды. Сондықтан Түркістанның түгел түркінің төріне айналуы, соңғы жылдардағы ауқымды өзгерістер мен ашылған ғылыми жаңалықтарды жаңа басылымға енгізуге тырыстық», - деген еңбектің бас редакторы әрі жоба жетекшісі Дархан Қыдырәлі бірегей басылым болашақта бауырлас елдердің тілдерінде жарық көреді деп сенетінін айтты.
Осы еңбектің жауапты редакторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы, философ Тұрдықұл Шаңбай «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының халықаралық деңгейдегі орны мен маңызына тоқталды.
«Бұл жобаға бүгін келген адам емеспін. Түркістан қаласының 1500 жылдығы 2000 жылы тойланған болатын. Арнайы «Түркістан» халықаралық редакциясы бекітіліп, 2000 жылы тұңғыш рет Қазақстанда «Түркістан» энциклопедиясы шыққан. Сол жобаның жетекшісімін. Содан бері қанша түрік дүниесіне жаңалықтар енді, ғылыми тұрғыдан да жетістікке жеттік – осыған орай Дархан мырза бастаған азаматтар «мұны толықтырып, басқаша 2 томдық етіп шығарсақ» деген ұсынысын айтты. Мен оны құп көрдім. Содан Түрік ғылым академиясын, басқа да көрші мемлекеттердегі түрколог ғалымдар қамтылып, осы дүние жарық көрді.
Жалпы, энциклопедия ғылым жасамайды, ол ғылымның нәтижесін береді. Онда гипотезаға, болжамға орын берілмейді. Мұнда тек энциклопедиялық білім беру мақсат тұтылады. Кейбір көрші елдерде өзінің әлемін терең, ауқымды қамтыған энциклопедия жоқ. Осы тұрғыдан алған кезде «Түркістан» энциклопедиясының халықаралық деңгейде өзінің орны бар деп есептеймін. Біз жер бетіндегі барлық түркі халықтарын, тіпті 200 адам ғана қалған халықтарды да қамтыдық. Тек санатта бар деп емес, бар болмысын беруге тырыстық. «Түркістан» деген - мета ұғым, сондықтан мұның болашағы зор», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы, философ Тұрдықұл Шаңбай.

«Түркістан» энциклопедиясының таныстырылымына көршілес түркі елдерінің өкілдері де қатысып, тарихи еңбекті жоғары бағалап, энциклопедия түркі елдерінің тілдеріне де аударылса деген тілегін білдірді.
«Бүгін Қазақстанның елордасы – Астана қаласында «Түркістан» энциклопедиясының таныстырылымына қатысу мен үшін ерекше маңызға ие.
Бұл энциклопедия – түркі әлемінің ардақты зиялысы, академик Дархан Қыдырәлінің көп жылғы еңбегінің жемісі. Дархан ағаның Халықаралық Түркі академиясының президенті қызметін атқарған кезеңдегі еңбегі бүгінде Әзірбайжанда, Түркияда және бүкіл түркі әлемінде зор ықыласпен әрі құрметпен еске алынады.
Бүгінде елдеріміз – Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар президенттеріміздің берік саяси ерік-жігерінің арқасында одан әрі нығайып келеді. Сонымен қатар екі ел де түркі әлемінің ықпалдастығы мен бірлігіне елеулі үлес қосып отыр. Бүгін таныстырылып отырған «Түркістан» энциклопедиясы да – осындай қолдау мен қамқорлықтың нәтижесі.
Осындай құнды тарихи еңбектерді әзірлеуге атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. Сондай-ақ «Түркістан» энциклопедиясы жақын арада әзірбайжан тіліне және өзге де түркі елдерінің тілдеріне аударылса деген тілегімді жеткізгім келеді», - деді Әзірбайжандағы «Түркістан» газетінің бас редакторы Агил Джамал.
Тұсаукесер барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев энциклопедияны шығаруға атсалысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы философ Тұрдықұл Шаңбайға, журналист Жандос Бәделұлына Мемлекет басшысының атынан Алғысхат табыстады.
Сонымен қатар Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әділ Ахметов пен Құрылтай депутаты Дархан Қыдырәліні «Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадоры» атағымен марапаттады.

Жиын барысында энциклопедияның лентасы салтанатты түрде қиылды.
