Республика күні: Елорданың Байқоңыр ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Республика күні: Елорданың Байқоңыр ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Республика күні қарсаңында елордалық Байқоңыр ауданында тұрғындарға арналған тағы бір жаңа демалыс орны пайдалануға берілді. Кенесары көшесінің бойында, А. Янушкевич пен А. Пушкин көшелерінің аралығында орналасқан сквер аудан тұрғындарына мерекелік тарту болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Жалпы аумағы 6 600 шаршы метр скверде абаттандыру жүргізіліп, 3 500 шаршы метрге жуық жерге кеспетас төселді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысы үшін 250 шаршы метрден астам жұмсақ жабынды ойын алаңы жабдықталды.

Жаңа сквер тұрғындардың таза ауада серуендеп, отбасымен бірге уақыт өткізуіне және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік береді. Мұндай қоғамдық орындар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, биыл Байқоңыр ауданында 107 аула абаттандырылып, 4 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Республика күні қарсаңында ашылған жаңа сквер ауданның демалыс орындарын толықтырып, тұрғындарға тағы бір жайлы мекен сыйлады.