Қазір қалада қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру және полицияның тұрғындармен өзара байланысын нығайту мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz. қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Кері байланысты тиімді ету үшін QR кодтар әзірленді. Олардың көмегімен тұрғындар тұрғын үй кешендері мен аула аумақтарындағы қауіпсіздікке қатысты ұсынысын жолдап, өзекті мәселелер туралы хабарлай алады.
Қазіргі уақытта QR код арқылы бірқатар өтініш келіп түсті. Олардың негізінде полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, құқық бұзушылықты анықтады.
«Мәселен, азаматтардың бірінің хабарламасы негізінде қоғамдық көлікте болған 52 жастағы ер адам анықталды. Ол автобуста насыбай қолданып, оны көлік салонына түкіріп, қоғамдық орынды ластаған. Аталған факті бойынша ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды», делінген хабарламада.
Тағы бір өтінішті тексеру барысында елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде сот белгілеген ерекше талаптарды бұзған 43 жастағы ер адам анықталды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің 8-ші және 9-қабаты арасындағы ортақ пайдаланылатын балконда балық тазалаған 44 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Аталған факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шешім қабылдау үшін материалдар сотқа жолданды.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысуға, QR код арқылы өтініш жолдауға және назар аударуды қажет ететін мәселелер туралы хабарлауға шақырады.
Еске сала кетсек, Астанада қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шаралары күшейтілді.