Қазақстаннан 2,6 мың тонна алтын құрамды кен заңсыз шығарылмақ болған

Қазақстаннан 2,6 мың тонна алтын құрамды кен заңсыз шығарылмақ болған
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстаннан жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді заңсыз экспорттау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, Жетісу облысында анықталған заңсыз экспорттау әрекеті кезінде кеден құжаттарында алтын құрамды шикізат «мыс кені мен концентраттары» ретінде көрсетілген. Осылайша, жүктің нақты құрамын жасыруға әрекет жасалған.

Тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 мың тоннадан астам шикізат табылды.

Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен экспорттаушы «RedGold Mining» ЖШС директоры мен өзге де тұлғалар анықталды.

Екі күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен компанияның ақшалай қаражатына тыйым салынды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатқаны хабарланған еді.