Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны мен бейнебаяны жарық көрді. Туынды кітап оқу мәдениетін дәріптеп, білімнің қоғам дамуындағы маңызын насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақ және орыс тілдерінде жазылған ән мәтінінде ұрпақтар сабақтастығы, білімге ұмтылу және ел бірлігі тақырыптары қамтылған. Кітап жаңа идеялардың қайнар көзі әрі ұрпақтарды байланыстыратын рухани құндылық ретінде сипатталады.
Әннің сөзі мен музыкасын «Кітап оқитын ұлт» жобасының Астана қаласындағы кеңсе жетекшісі Жақсыбай Боранбаев жазған.
Ал бейнебаян Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қамбар Рахметовпен бірлесіп әзірленді. Ән мен бейнебаянды дайындау барысында жасанды интеллект технологиялары қолданылған.
Әнұран мен бейнебаян көпшілікке цифрлық форматта ұсынылды.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» жобасы халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттауға және күнделікті кітап оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Бұған дейін елордада Республика күніне орай кітап сыйлау акциясы басталғаны хабарланған еді.