АҚШ тұрғыны «Қазақконцерт» сахнасында «Адай» күйін орындады

Бүгін, 12:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
АҚШ тұрғыны «Қазақконцерт» сахнасында «Адай» күйін орындады
Фото: «Қазақконцерт»

«Қазақконцертте»  Республика күніне арналған «Біздің жәрмеңке» мерекелік концерті өтті. Дәстүрлі өнер кеші ән, күй, жыр-терме мен ұлттық биді бір сахнада тоғыстырып,  қазақ өнерінің сан қырлы бай мұрасын дәріптеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақконцерттің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толғамбай Сембаев, Елмұра Жаңаберген, Еділ Басығараев, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Мәдениет саласының үздіктері Бауыржан Мұхамедбаев,   Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асқар Мұқият, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбет, Ақерке Тәжібаева, Жанту Дадабев, Жаслан Кәрім, Ділназ Жаңбырбай, Дария Бекпенбетова, «Гүлдер» ансамблінің бишілері Іңкәр Айдархан, Аққанат Смағұлова және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.

Мерекелік концертке арнайы қатысқан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов,  PhD докторы, күйші-зерттеуші Айтолқын Тоқтаған мен «Қыздар» ансамблі, Е.Рахмадиев атындағы филармонияның «Шалқыма» би ансамблі де кештің мазмұнын байыта түсті.

Ал кештің ерекше сәттерінің бірі АҚШ-тан келген әуесқой күйші Мистер Джеффтің Құрманғазының «Адай» күйін орындауы болды. Еркіндік рухы мен дала мінезін бойына сыйдырған екпінді туынды америкалық өнерпаздың орындауында қазақ күйінің ұлт пен тіл шекарасынан асатын құдіретін танытты. Оның домбыраға деген ықыласы мен ұлттық өнерімізге көрсеткен құрметі мерекелік кешке айрықша реңк қосты.

«Біздің жәрмеңке» - елдік пен бірлікті ұлықтап, туған жерге деген сүйіспеншілікті өнер тілімен жеткізген тағылымды кеш болды», - дейді ұйымдастырушылар.