Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде жылыту маусымының барысына қатысты мәселелер бойынша Республикалық штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Жиынға өңірдегі әкімдіктердің басшылығы, «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ЦАЭК», «Қазақстан темір жолы» ҰК, «QazaqGaz Aimaq», «Қаражыра», «Шұбаркөл көмір», «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамдарының, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС-ның өкілдері, сондай-ақ еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Комитет төрағасы Ернар Хасенов жылыту маусымын өткізу кезеңіндегі негізгі міндеттерді атап өтіп, энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің, тұтынушыларды тұрақты жылумен жабдықтаудың және көмірмен уақтылы қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 18 өңірінде жылыту маусымы жоспарлы режімде басталды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жылыту маусымын бастау бекітілген кестелерге сәйкес жоспарланған.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр және жылу желісіндегі жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция және 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғырту бойынша жоспарланған көлем – 377 шақырымда күрделі жөндеу толық аяқталды. Жөндеу жұмыстарының ең ауқымды көлемі Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында іске асырылды.
Электр станцияларында жылыту маусымынан өтуге қажетті жабдықтар жұмыс істеуде, сондай-ақ жөндеу науқаны жалғасуда. 2026 жылы 9 энергия блок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні 8 энергия блогы, 47 қазандық пен 31 турбинаны жөндеу аяқталды.
Жиында көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында 5,7 млн тонна көмір қоры, 130 мың тонна мазут қоры бар. Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген сұранысы 7,3 млн тонна көлемінде бағаланады. Жылыту маусымының басталуы кезеңіне 3,5 млн тонна көмір дайындалды.
Кеңес барысында көмірді үздіксіз жеткізуді бақылауды күшейту, көмір тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Ернар Хасенов энергетикалық нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуді, технологиялық бұзушылықты жедел жоюды және жылу желісінде температуралық режимнің сақталуын тапсырды.
Еске сала кетсек, жаңа жылыту маусымына дайындық басталғалы, 1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір тасымалданды.