Мұнай-газ саласында қазақстандық өндірушілердің үлесін арттыру талқыланды

Мұнай-газ саласында қазақстандық өндірушілердің үлесін арттыру талқыланды
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінде өткен Қоғамдық кеңес отырысында мұнай кен орындарының өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды қолдану және мұнай-газ жобаларына отандық өндірушілерді тарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын Қоғамдық кеңес төрағасы Жақып Хайрушевтің жетекшілігімен өтті. Оған энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.

Отырыс барысында игерілуі сарқылу кезеңіне жеткен кен орындарынан мұнай өндіру тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Қатысушылар заманауи технологияларды енгізу және оларды қолдану нәтижелеріне тоқталды.

Сондай-ақ дәстүрлі емес көмірсутек қорларын, соның ішінде тұтқырлығы жоғары, ауыр және битумды мұнайды барлау мен игеру мәселелеріне назар аударылды.

Бұдан бөлек, НКОК, ТШО және ҚПО компанияларының өкілдері елішілік құндылықты дамыту және мұнай-газ саласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қазақстандық кәсіпорындарды тарту жөнінде баяндама жасады.

Жиында көмірсутек ресурстарын тиімді игеру және ірі мұнай-газ жобаларына отандық өндірушілердің қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де талқыланды.

Бұған дейін Үкіметте мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюы экономика өсімін қамтамасыз ететіні айтылғаны хабарланған еді.