Электр энергиясы тапшылығын төмендету үшін биыл шамамен 2,4 ГВт дәстүрлі энергетикалық қуат көздерін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz..
Оның айтуынша, бұл тізімге Алматыдағы қуаты 557 МВт болатын ЖЭО-2 мен 544 МВт болатын ЖЭО-3-ті жаңғырту жобалары, қуаты 1 000 МВт болатын Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, сондай-ақ №11 турбоагрегатты іске қосу және Атырау ЖЭО-да №15 қазандықты орнату кіреді. Бүгінгі күні қуаты 240 МВт болатын Қызылорда облысындағы бу-газ қондырғысы, сондай-ақ қуаты 17 МВт болатын Текелі энергия кешеніндегі генераторы бар үш кәдеге жарату қазандығы мен бу турбинасы пайдалануға берілді.
«Өткен 9 айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Биылға жоспар – 8,8 млрд кВт/сағат. 2026 жылы жиынтық қуаты 245,8 МВт болатын 10 ЖЭК нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде жалпы қуаты 212,6 МВт болатын 7 ЖЭК нысаны іске қосылды. Жыл соңына дейін қуаттылығы 30 МВт болатын 2 СЭС нысанын, сондай-ақ қуаттылығы 3,2 МВт болатын 1 СЭС нысанын іске қосу жоспарлануда», - деп атап өтті вице-министр.
Еске сала кетсек, елімізде 17 мың шақырым электр желісін жаңғырту аяқталды.