Тоқаев: Қазақстанға мамандардың ұлты емес, қабілеті мен білімі маңызды

13 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Тоқаев: Қазақстанға мамандардың ұлты емес, қабілеті мен білімі маңызды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнімділікті арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, сондай-ақ су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Бұдан бөлек, Президент медицина мен фармацевтика салаларындағы серіктестікті нығайтудың маңызына назар аударды. 

– Біз IBA компаниясымен ынтымақтастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттырады. Сала мамандарын даярлауға және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысты бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгияның фармацевтикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан өз азаматтарымен бірге жұмыс істей алатын озық ойлы әрі іскер тұлғаларды тартуға мүдделі екенін айтты.

– Мұндай мамандар елімізге неғұрлым көп келсе, соғұрлым баршамызға пайдалы болар еді. Өйткені осы арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас жақсарып, кәсіби байланыс жандана түседі. Халқымыз осындай аралас-құраластықты бағалайды. Қазақстан Президенті ретінде мен үшін елімізге келетін азаматтардың шыққан тегі емес, ең алдымен, қарым-қабілеті мен ақыл-ойы маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы инвестициялық климатты жақсарту, заңнаманы жетілдіру, адал бәсекені қорғау және инвесторлармен тікелей диалог өрбіту бойынша қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.

– Халықаралық зерттеу және рейтинг агенттіктерінің бағалауына сәйкес, жуықта Қазақстан әлемнің ең ықпалды елдерінің арасында 34-орынға тұрақтады. Макроэкономикалық көрсеткіштерге зер салсақ, еліміз көптеген салада, атап айтқанда, әлеуметтік қорғау, инновациялық саясат, цифрландыру, ЖИ-ді дамыту, сыртқы саясат, ғылым және білім, заң үстемдігі қағидатын орнықтыру, қоршаған ортаны аялау, экологиялық мәдениетті ілгерілету, волонтерлік қозғалысты қолдау, ең маңыздысы, адамның құқығы мен бостандығын қорғауда елеулі прогреске қол жеткізді. Бұл қағидаттардың барлығы Конституцияда бекітілген. Азаматтар, Президент ретінде мен де оны мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Біздің ұранымыз – «Бірлігіміз – әралуандықта!». Аталған қағидатқа сүйене отырып, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға бар күшімізді саламыз. Осылайша, барлық шетелдік, соның ішінде Бельгия компанияларына қолайлы әрі ашық іскерлік климат қалыптастырдық, – деді Президент.