Швейцарияда Қазақстанның мәдени-іскерлік орталығы ашылды

Швейцарияда Қазақстанның мәдени-іскерлік орталығы ашылды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Швейцарияның Шаффхаузен қаласында Швейцария–Қазақстан мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Орталық екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында Eurasia Group компаниясының бастамасымен және Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің қолдауымен құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Орталық қызметінің негізгі бағытының бірі қазақстандық өнімдерді Швейцария және басқа да халықаралық нарықтарға шығару болмақ. Атап айтқанда, металлургия, агроөнеркәсіп, тамақ және химия өнеркәсібі өнімдерін ілгерілетуге басымдық беріледі. Орталық қазақстандық өндірушілер мен шетелдік импорттаушылар және сауда желілері арасында тікелей іскерлік байланыс орнатуға, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар орталық қызметінің жеке бір бағыты Қазақстанның тарихы мен мәдениетін танытуға арналады.

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Шаффхаузен кантонының билік өкілдері, Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің, «QazTrade» компаниясының өкілдері, қазақстандық және швейцариялық кәсіпкерлер, сондай-ақ ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Арман Шаққалиев Қазақстанның Швейцариямен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде технологиялар тартуға, өндірістік құзыреттерді дамытуға және ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Шаффхаузен кантонының өкілдері Қазақстанмен бизнес, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды. Іс-шара барысында ғылыми, білім беру және мәдени байланыстарды дамыту мүмкіндіктері де талқыланды.

Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қ. Саржанов екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың негізгі көрсеткішін таныстырды. 2005 жылдан бері Швейцарияның Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 36,5 млрд АҚШ долларынан асты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады.

Еске сала кетсек, Қазақстан Швейцарияға өңделген өнім экспортын арттыруды жоспарлап отыр.