Қазақстан мен Армения орманды қалпына келтіру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару және сирек кездесетін жануарларды сақтау бағытындағы ынтымақтастықты талқылады. Армения тарапы Қазақстандағы жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына ерекше қызығушылық танытты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Ереванда БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы Тараптарының 17-конференциясы (КС-17) аясында Қазақстанның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Арменияның Қоршаған орта министрінің орынбасары Арам Меймарянмен кездесті.
Кездесуде Қазақстан тарапы орманды қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде ауқымды ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында орман өсіру іс-шараларын таныстырды.
Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Орталық Азия елдері қабылдаған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасына назар аударылды. Аталған бастама 2035 жылға дейін өңірде қорғаныш орман белдеулерін құруды көздейді.
Тараптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару және сирек кездесетін жануарларды қалпына келтіру мәселелерін де талқылады.
Данияр Тұрғамбаев Қазақстанда ақбөкен мен қар барысы санының өскенін, сондай-ақ жолбарыс пен Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Армения тарапы, әсіресе, жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы мен «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасына қызығушылық білдірді.
Кездесуде ірі мысық тұқымдас жануарларға мониторинг жүргізу, таулы аймақтардағы тұяқты жануарларды қорғау және жабайы жануарлар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстарды азайту мәселелері де қозғалды.
Келіссөз қорытындысында тараптар орман шаруашылығы мен биоалуантүрлілікті сақтау салаларында тәжірибе алмасуды жалғастыруға, екі елдің қорықтары, ұлттық парктері және ғылыми ұйымдары арасындағы байланысты дамытуға келісті.
Сонымен қатар халықаралық серіктестердің табиғатты қорғау жобаларына бірлесіп қатысу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Бұған дейін Президенттің Еревандағы Meridian Expo and Event орталығына барғаны хабарланған еді.