Қазақстан мен АҚШ балалар онкологиясы саласында бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан мен АҚШ балалар онкологиясы саласында бірлескен жобаларды талқылады
Фото: ДСМ

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Самарқандта АҚШ-тың балалар онкологиясы саласындағы жетекші орталықтарының бірі – St. Jude Children’s Research Hospital өкілдерімен кездесті. Тараптар балалар обырын емдеудің заманауи әдістерін енгізу, дәрігерлерді даярлау және дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге госпитальдің атқарушы вице-президенті, St. Jude Global халықаралық бағдарламасының жетекшісі Карлос Родригес-Галиндо қатысты.

Тараптар балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді дамыту, оның ішінде сүйек кемігін трансплантаттау, молекулалық диагностика және жасушалық терапияның перспективалы әдістерін қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында заманауи көпбейінді госпиталь кешенін салу жобасы талқыланды. Жоспар бойынша жаңа медициналық мекеме Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының балаларына мамандандырылған көмек көрсететін өңіраралық орталыққа айналмақ.

Ақмарал Әлназарова америкалық орталықтың осы жобаға сараптамалық қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлерді оқыту, бірлескен медициналық консилиумдар мен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мәселелері көтерілді.

Келіссөз барысында Қазақстанның St. Jude және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балаларға арналған ісікке қарсы дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған халықаралық бағдарламасына қосылу мүмкіндігі де талқыланды.

Бағдарлама қатысушы елдерді балалар онкологиясын емдеуге арналған сапалы дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстанның оған қатысу шарттары халықаралық әріптестермен қосымша пысықталмақ.

Қазіргі уақытта қазақстандық медициналық ұйымдар St. Jude Global Alliance халықаралық желісіне кіреді.

Кездесу қорытындысында тараптар балалар онкологиясы, медицина мамандарын даярлау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағыттарындағы бірлескен жобаларды одан әрі пысықтауды жалғастыру мәселесін қарастырды.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – балалардың заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне қолжетімділігін кеңейтіп, қажетті медициналық көмекті өз елінде алуына мүмкіндік жасау.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде балалардың денсаулығын тексеру үшін цифрлық жабдықтар мен ЖИ енгізілгені хабарланған еді.