Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы жекеменшік клиникада жалған медициналық анықтамалар берілуі мүмкін екеніне қатысты тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратта көрсетілген Алматы қаласындағы «Аяжан» жекеменшік клиникасының қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастамақ. Тексеру «жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды беруі мүмкін» деген деректерді анықтауға бағытталған.
Тексеру нәтижесінде заңбұзушылық расталған жағдайда, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық қарап-тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана ресімделуге тиіс. Белгіленген тәртіпті айналып өтіп, мұндай құжаттарды ресімдеуге және пайдалануға жол берілмейді.
Заңсыз құжат ресімдеген адамдар ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын көрінеу сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
«Қазақстанда деректерді қолмен енгізу көлемін азайтуға, медициналық құжаттаманың қалыптастырылуын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдар жүйелі түрде енгізіліп келеді.
2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылып, берілген», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, азаматтарға вакцина алу мен скринингтен өту керектігі SMS-пен ескертіледі.