Астана маңында адасып кеткен балаларды іздеуге 200-ден астам адам жұмылдырылды

Астана маңында адасып кеткен балаларды іздеуге 200-ден астам адам жұмылдырылды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Кешкі уақытта полицияға 11 және 14 жастағы екі кәмелетке толмаған баладан хабарлама түсті. Балалар елорданың шетіндегі ашық далада адасып кеткендерін және көмекке мұқтаж екендерін мәлім еткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Анықталғандай, балалар биік шөп пен қалың өсімдіктер өскен ашық аумақ арқылы қалаға қарай бет алған. Алайда бағдарынан жаңылып, өз бетінше жол таба алмаған.

Іздестіру жұмысына 200-ден астам полиция қызметкері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілерден құралған топ жасақталды. Сондай-ақ, қызметтік іздестіру иті мен арнайы техника да жұмылдырылды.

Олар айналадағы аумақты және балалар болуы мүмкін жерлерді тексерді. Іздестіру барысында екі бала да табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.

Кәмелетке толмаған балалардың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Ол балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылды.

Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, олардың қайда жүргенін және қозғалыс бағыттарын біліп отыруға, сондай-ақ бейтаныс жерлерде өзін-өзі ұстау ережесін балаларына үнемі түсіндіріп отыруға шақырады.

Еске салсақ, таяуда Абай облысында полиция жоғалған 7 жасар баланы іздеп тапты.