Абай облысында полиция жоғалған 7 жасар баланы іздеп тапты

Абай облысында полиция жоғалған 7 жасар баланы іздеп тапты
Фото: Абай облысы ПД

Абай облысында полиция қызметкерлері Үржар ауданында жоғалып кеткен жеті жасар баланы іздеп тапты. Ол елдімекеннен бірнеше шақырым қашықтықтағы ауыл шаруашылығы алқабынан табылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Күндіз әжесі мен атасының қарауында болған бала ауладан өз бетімен шығып кеткен. Туыстары оны іздегенімен, нәтиже болмаған. Содан кейін олар полицияға жүгінген. Баланың әжесі оның даму ерекшелігі бар екенін айтып, мүмкіндігінше тезірек көмек көрсетуді сұраған.

Полицейлер дереу іздестіруге кірісіп, аулаларды, көшелерді және су айдындарының маңындағы аумақтарды аралап, бала болуы мүмкін жерлерді тексерді.

Сағат 16:00 шамасында полиция капитаны Азамат Дүйсебаев пен полиция аға лейтенанты Ролан Байтілеуов баланы Үржардан төрт шақырым жердегі ауыл шаруашылығы алқабынан тапқан. Бұл қуанышты хабар бірден оның жақындарына жеткізілді.

Полиция  бала жоғалған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласып, оның сыртқы белгісін, жоғалған жерін және іздестіру жұмысына көмектесуі мүмкін мінез-құлық ерекшелігін хабарлау қажеттігін ескертеді.

Еске сала кетсек, тәртіп сақшылары ұшақта елордалықтың 3,6 мың долларын шетел азаматы ұрлап алғанын анықтады.