Қазақстанда негізгі скринингтік тексерулер азаматтардың МӘМС мәртебесіне қарамастан, мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерінің есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, колоректалдық обырды, В және С вирустық гепатиттерін, сондай-ақ белгіленген өлшемшарттарға сәйкес басқа да ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін және глаукоманы анықтауға арналған скринингтен 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.
Сүт безі обырын ерте анықтау үшін 40–76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан өтеді.
Жатыр мойны обырына арналған скрининг 30–74 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Тексеруден төрт жылда бір рет өту қажет.
Колоректалдық обырға арналған скринингтен 50–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.
Тіркелген емханаңызға хабарласып, биыл қандай скринингтік тексерулерден өтуге құқылы екеніңізді нақтылаңыз. Медицина қызметкерлері тексеруден өту тәртібін түсіндіріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді.
Еске салайық, бұған дейін азаматтарға вакцина алу мен скринингтен өту керектігі SMS-пен ескертілетіні туралы жаздық.