Астанада жалған концерт билеттерін сатпақ болған жас жігіт анықталды

Бүгін, 11:42
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жалған концерт билеттерін сатпақ болған жас жігіт анықталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының полиция қызметкерлері Threads әлеуметтік желісі арқылы концерт билеттерін сатуға қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен 20 жастағы жігітті анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті әлеуметтік желіде билет сату туралы хабарландырулар жариялаған. Сатып алушылар ақшаны аударғанымен, билеттерін алмаған. Қаражат күдіктінің танысына тиесілі банк шотына түскен.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіден заттай дәлелдемелер, соның ішінде хабарландыру жариялау және азаматтармен хат алмасу үшін пайдаланылған болуы мүмкін ұялы телефон тәркіленді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта келтірілген залалдың мөлшері, оқиғаның мән-жайы және ықтимал жәбірленушілер анықталуда», - делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы билет сатып алу кезінде сақ болуға шақырады. Ақша аудармас бұрын сатушының сенімділігін және хабарландырудың шынайылығын тексеру ұсынылады.