Қазақстанда Республика күніне орай Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары өтіп жатыр. Олардың аясында еліміздің барлық өңірінде тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік ұсынылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қосылған. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысып жатыр.
Мерекелік бастаманы отандық өндірушілер мен сауда кәсіпорындары да қолдап, сатып алушыларға арнайы ұсыныстар әзірлеген.
«Республика күні – баршамыз үшін маңызды мереке. Қазақстандық бренд ретінде біз акцияны қуана қолдадық. Мерекеге орай тауарлардың жекелеген түрлеріне 20% жеңілдік белгіледік», – деді MSQ дүкенінің директоры Ғазиза Алданова.
Ал «Анвар» сауда желісінің менеджері Еркежан Мұхамадиеваның айтуынша, сатып алушылар сүт өнімдері, жармалар мен көкөністерге ерекше қызығушылық танытып отыр.
Сауда орындары мерекелік акцияға алдын ала дайындалған. Атап айтқанда, жеткізушілермен бірлесіп жеңілдік жасалатын тауарлар тізімі белгіленіп, олардың дүкен сөрелерінде жеткілікті болуына назар аударылған.
«Біз акцияға бір ай бойы дайындалдық. Серіктестерімізбен бірлесіп, бірқатар тауарды белгіледік. Сөрелердегі тауарлар азая бастаған сайын оны жедел толықтырып отырамыз. Акцияға қатысатын тауарлар Bereke Fest арнайы жапсырмасымен белгіленген», – деді супермаркет директоры Жұлдыз Есімбетова.
Акциялар Сауда және интеграция министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлескен үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде ұйымдастырылған.
Republic Day және Bereke Fest акциялары 27 қазанға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын елордалық сауда нысандарының тізімі жарияланған еді.