Елімізде белсенді волонтерлер саны 300 мың адамнан асты

Елімізде белсенді волонтерлер саны 300 мың адамнан асты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қозғалыстың жүйелі түрде дамуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы деп жариялануы айрықша серпін берді. 

«Аталған өзгеріс нақты көрсеткіштерден де байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 есеге өсіп, 224-тен 810-ға жетті. Белсенді волонтерлер қатары алты есе көбейіп, 300 мың адамнан асты. Бастамашыл топтардың саны он есе өсіп, 3,5 мыңды құрады. Қоғамдық жұмыстарға аға буын өкілдері де белсенді қатысып, күміс волонтерлер қатары артып келеді. 2025 жылы олардың саны 6 мыңға жетті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп», делінген хабарламада.

Ел ішінде қозғалыстың дамуы мен мемлекеттің жүйелі қолдауы Қазақстанның волонтерлікке қатысты бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге негіз болды.

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынды. Қазақстан өзге мемлекеттермен бірлесіп ұсынған қарар 2023 жылғы желтоқсанда қабылданып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Атаулы жыл волонтерліктің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі маңызын халықаралық деңгейде көрсетіп, тұрақты даму мақсатындағы ортақ міндеттерді орындауға өзге де елдер жұмылды.

Волонтерлік қызметтің Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілуі де маңызды қадам болды. Бұл волонтерліктің жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, мемлекет мойындаған және қорғалатын конституциялық құндылық екенін айқындайды.

Қозғалыс ауқымы биыл да кеңейіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында түрлі жобалар мен бастамаларға 200 мыңнан астам волонтер қатысты.

Халықаралық волонтерлер жылы елдер арасындағы тәжірибе алмасуға және ортақ жұмыстарды ұйымдастыруға да тың серпін берді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 20-21 тамызда Астанада ТМД волонтерлерінің I форумы өтті. 

Алғашқы форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдар мен қауымдастықтың 300-ге жуық өкілі қатысты.

Ал 19-20 маусымда Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері жиналды.

Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде Қызылорда облысында «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы өтіп жатыр. Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған апталықта Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның он өңірінен келген 100 волонтер бас қосты.

Бүгінде Қазақстандағы волонтерлік қызмет бірнеше бағытты қамтиды. Волонтерлер әлеуметтік көмек беру, қоршаған ортаны қорғау, медицина, мәдениет, білім беру және медиа салаларындағы жұмыстарға атсалысады. Жануарларға қамқорлық көрсетіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың салдарын жоюға да көмектеседі.

Бастамаларды қолдау мақсатында мемлекеттік тетіктер де жетілдіріліп келеді. 2025 және 2026 жылдары волонтерлік жобаларға 120 шағын грант бөлу көзделген. Мемлекеттік органдар волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп, жыл сайын қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған 50-ден астам жоба жүргізеді.

Алдағы міндет – қозғалыстың инфрақұрылымын одан әрі нығайтып, бастамалардың нәтижелі болуына жағдай жасау. Осы мақсатта 2026 жылдың соңына дейін Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және Экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасын қабылдау жоспарланған. Волонтерлерді ынталандырып, олардың ел дамуына қосқан үлесін бағалау үшін цифрлық паспорт енгізу де қарастырылып отыр.