Камера алдында баяулау жеткіліксіз: Қазақстан жолдарында ЖИ көмегімен бақылау күшейтіледі

Камера алдында баяулау жеткіліксіз: Қазақстан жолдарында ЖИ көмегімен бақылау күшейтіледі
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ

Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен автокөліктердің орташа жылдамдығы 16 жол учаскесінде бақыланып отыр. Алдағы уақытта мұндай жүйені тағы төрт ақылы жолда қолдану жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары берген мәліметке сүйеніп.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Пайдалану департаментінің инженері Нұрсұлтан Баймұханның айтуынша, жүйе көліктің екі бақылау нүктесінің арасындағы қашықтықты қанша уақытта жүріп өткенін есептеп, орташа жылдамдығын анықтайды.

«Бұл жүйе жүргізушілерді жол бойындағы жылдамдықты сақтауға ынталандырады. Яғни камераның алдына барғанда баяулау жеткіліксіз. Нәтижесінде қауіпті маневрлер азайып, жол қауіпсіздігі артады», – деді ол.

Бұған дейін Астана – Қарағанды және Астана – Щучинск бағыттарында жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар орнатылған. Құрылғылар жолдағы жағдайды тәулік бойы бақылайды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының бас сарапшысы Ниязбек Ахметовтің сөзінше, жүйенің мүмкіндіктері жылдамдықты бақылаумен шектелмейді.

Жасанды интеллект жолға жаяу жүргіншілер мен жануарлардың шығуын, бөгде заттардың пайда болуын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе көлік құралдарының қарсы бағыттағы жолаққа шығуын, тұрақ ережелерінің бұзылуын және жол-көлік оқиғаларын тіркеуге бағытталған.

Жаңа технологияларды енгізу арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ЖИ-камера Астана – Қарағанды тасжолындағы адам өліміне әкелген жол апатын тіркегені хабарланған еді.