ТМД волонтерлерінің I форумында ынтымақтастық жөніндегі қарар қабылданды
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің I форумы аяқталды. Форум тәжірибе алмасуға, волонтерлік бастамаларды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Екі күн бойы қатысушылар волонтерлік қозғалысты дамытудың негізгі бағытын талқылап, ТМД елдеріндегі табысты тәжірибелерін бөлісті.
Форум аясында инклюзивті, корпоративтік, жастар және экологиялық волонтерлікті дамыту, әлеуметтік жауапкершілік, мәдени мұраны сақтау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар ТМД кеңістігіндегі волонтерлік қозғалыстың алдағы даму бағыты мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігі сөз болды.
Қатысушылар кәсіби және салалық волонтерлікті дамыту, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлау, корпоративтік волонтерлікті жетілдіру және заманауи цифрлық құралды пайдалануды да талқылады.

Айта кетейік, форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен волонтерлер бар.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар ынтымақтастық жөніндегі қарар қабылдады.
Алдағы уақытта ТМД волонтерлерінің форумын жыл сайын достастық елдерінің бірінде өткізу көзделіп отыр.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД волонтерлерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады.