Астанада бір топта фельдшер мамандығында білім алған колледждің жеті түлегі әскерге де бірге аттанды. Қазір олар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде жас сарбаз курсынан өтіп, Әскери ант қабылдауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеті достың әскерге бірге баруына қатардағы Кәдіржан Байтенов бастамашы болыпты. Ол алғашқылардың бірі болып әскери басқару органына барып, медициналық комиссиядан өткен. Кейін бұл ойын бірге оқыған достарына айтып, олар да әскери қызметке баруға шешім қабылдаған.
Сол кезде Шымкентте жүрген Думан Қорғанбаев та достарының бастамасын қолдап, олардың әскерге жиналып жатқанын ести салысымен Астанаға билет алып, сол күні әскери басқару органына келген.

Осылайша, колледжде бір топта білім алған жеті жігіттің басы қайта қосылды. Бірақ бұл жолы студенттік аудиторияда емес, әскери киіммен сапқа тұрды.

Қазір жас ұландықтар әскери күн тәртібіне бейімделіп, саптық даярлықтан өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп жатыр. Сарбаздардың сөзінше, Отан алдындағы борышты бұрыннан таныс достармен бірге өтеу оларға жаңа ортаға бейімделуді жеңілдеткен.
«Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы білеміз. Сондықтан мұнда өзімізді сенімдірек сезінеміз. Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізден көмек сұрай аламыз. Бірге қызмет етудің өз қызығы бар. Күнделікті сәттерді де, әскери өмірдің алғашқы қиындықтарын да бірге өткеріп жатырмыз. Қандай жағдайда да бір-бірімізге қолдау көрсете аламыз», – деді қатардағы Алмас Болысбек.

Жас сарбаздардың Ұлттық ұланды таңдауына әскердегі заманауи технологиялар да әсер еткен көрінеді. Олардың қызығушылығын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі цифрландыру, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері мен тамақтандыру саласындағы жаңа шешімдер аударған.

Алда жеті досты бірнеше айлық әскери қызмет күтіп тұр. Жауынгерлік даярлықтан кейін олар Алматыда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқарады.

Сарбаздардың кейбірі әскери қызмет аяқталғаннан кейін де мамандығын Ұлттық ұланмен байланыстыруды жоспарлап отырған көрінеді. Бірнеше ұландық Әскери-медициналық басқармада қызмет етіп, колледжде алған фельдшерлік білімін әскери медицинада пайдалануға ниетті.

Бұған дейін бір мектептің сегіз түлегі Ұлттық ұлан қатарында әскери борыштарын өтеп жүргенін жазған едік.