Елорда аумағында 5-9 қазан аралығында көші-қон заңнамасын сақтау деңгейін арттыруға, шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу және еңбек ету тәртібін бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараның бірінші күнінің қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60-тан астам шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын өрескел бұзған 2 шетел азаматына қатысты ел аумағынан мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімі қабылданды.
«Іс-шара барысында заңсыз көші-қонға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, шетел азаматтарын Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген болу тәртібін сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстарға да ерекше назар аударылуда», - делінген хабарламада.
Полиция азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту, олардың Қазақстан аумағында болу мерзімін бұзуы немесе тиісті құжаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыруы заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салсақ, елордада туристік полицияға арналған English club ашылды.