Қазақстан Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері құрамындағы зымыран әскерлері мен артиллерия заманауи технологияларды пайдалану арқылы өз мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зымыран әскерлері мен артиллерияның негізгі міндеттеріне қарсыластың атыс құралдарын, әскери техникасы мен жеке құрамын жою, қорғаныс құрылыстарын қирату, сондай-ақ жалпыәскери бөлімшелер мен құрамаларға атыспен қолдау көрсету жатады.

Қазіргі артиллерияның жауынгерлік мүмкіндіктері барлау мақсатындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА), автоматтандырылған басқару жүйелерін және жаңғыртылған қару-жарақ үлгілерін қолдану арқылы артып келеді.
ҰҰА нысаналарды жедел анықтап, олар туралы қажетті деректерді беруге мүмкіндік береді. Ал автоматтандырылған басқару жүйелері ақпарат алынған сәттен бастап атыс міндетін орындауға дейінгі уақытты қысқартуға бағытталған.

Атыстың дәлдігін қамтамасыз етуде топогеодезиялық, метеорологиялық және баллистикалық қамтамасыз ету жүйелері де маңызды рөл атқарады. Олар атыс позициялары мен нысаналардың координаттарын, метеорологиялық жағдайлар мен баллистикалық көрсеткіштерді ескеруге мүмкіндік береді.
Зымыран әскерлері мен артиллерия мамандарын даярлау бірнеше деңгейде жүргізіледі. Құрлық әскерлерінің әскери институты жыл сайын 60-қа дейін артиллерист-офицерді даярлайды. Оперативтік-тактикалық деңгейдегі офицерлер Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде білім алады.

Әскери резерв әскери даярлықтан өткен азаматтар, оның ішінде Қарағанды техникалық университеті мен Satbayev University әскери кафедраларының түлектері есебінен қалыптастырылады.
Сержанттар құрамы әскери колледждерде даярланса, артиллериялық және минометтік есептоптарға арналған кіші мамандар Құрлық әскерлерінің оқу орталығында оқытылады.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Зымыран әскерлері мен артиллериясының қалыптасуы мен дамуына генералдар Лут Альчекенов, Асқар Жоламанов, Руслан Шпекбаев, сондай-ақ полковниктер Михаил Шлейко, Дәурен Есқожин, Николай Мисюра, Виктор Кашоид, Александр Тепляков, Анвар Өзбеков және Ғиниятқали Шалабаев елеулі үлес қосты.
Бұған дейін БҰҰ инспекциясы қазақстандық бітімгерлер дайындығын жоғары бағалағанын жазған едік.