Елімізде «Доспехи Бога. Ультиматум» халықаралық киножобасының түсірілімі аяқталды

Бүгін, 18:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде «Доспехи Бога. Ультиматум» халықаралық киножобасының түсірілімі аяқталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда «Доспехи Бога. Ультиматум» халықаралық киножобасының түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

6 қазанда Астанада жоба авторларының, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовтың және басты рөлді сомдаған Джеки Чанның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

«Аталмыш фильм – қазақстандық Salem Entertainment компаниясының алғашқы халықаралық жобасы. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен түсірілді. Түсірілім Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтті», - делінген хабарламада.

Басты рөлді сомдаған Джеки Чан Қазақстандағы түсірілім жұмыстары туралы айтып, осы жобаның ерекшелігіне тоқталды.

Баспасөз конференциясында Қазақстанда халықаралық фильмдер түсіруге қажетті жағдай мен еліміздің осы бағыттағы әлеуеті сөз болды. Қатысушылар шетелдік түсірілім топтарын қызықтыратын табиғи аймақтарды атап өтіп, Қазақстанда халықаралық киножобаларды көбейтудің жолдарын талқылады.

«Фильм халықаралық прокатқа шығады. Жоба Қазақстанның туристік және мәдени әлеуетін шетелге танытып, елімізде халықаралық фильмдердің көбірек түсірілуіне ықпал етеді», - деп хабарлады ведомствода.