Қазақстанда биылдан бастап Ұлттық ұланның жауынгерлік даярлық бағдарламасына дрон операторларын оқыту енгізілді. Қазір Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық ұланның мәліметінше, жаңа бағыт мерзімді қызмет сарбаздарына заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды игеріп, қосымша мамандық меңгеруге мүмкіндік береді.

Әскери қызметшілердің даярлығы жас жауынгер курсынан басталады. Бұл кезеңде сарбаздар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, саптық және атыс даярлығынан өтеді. Сонымен қатар әскери тәртіпке бейімделіп, бөлімше құрамында әрекет етуді үйренеді.
Дрондарды басқару бойынша сабақтарда ұландықтар ұшқышсыз аппараттардың құрылымымен, оларды пайдалану ережелерімен, техникалық қызмет көрсету тәртібімен және тактикалық қолдану негіздерімен танысады.

Оқу бағдарламасы аясында командир, FPV-дрон операторы, оқ-дәрілер жөніндегі маман және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептоп даярланады.
Оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен әр сарбаз өзіне жүктелген міндет бойынша қажетті дағдыларды меңгереді. Кейін топтық жаттығуларға қатысып, бірлесіп әрекет ету тәсілдерін пысықтайды.

Дайындықтан өткен әскери қызметшілер патрульдік қызметке кірісіп, Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.
Ұлттық ұлан өкілдерінің мәліметінше, дрон операторларын даярлау сарбаздардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи технологияларды меңгеруіне және қызметтік міндеттерін тиімді орындауына ықпал етеді.

Бұған дейін қазақстандық студенттер дрондарды Python арқылы басқаруды үйреніп жатқаны хабарланған еді.