ҚР ІІМ Ұлттық ұланының кинология орталығында алғаш рет әйел әскери қызметші кинолог болып жұмысқа кірісті. Ол – 6654 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Аружан Жүнісова, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір Аружан жаңа мамандықты меңгеріп, Чарли есімді үш айлық қызметтік итті есірткі заттарын іздеуге үйретіп жүр. Чарли – орыс аңшы спаниелі тұқымынан. Ұлттық ұланда бұл тұқымдағы ит те алғаш рет арнайы дайындықтан өтуде.
Аружан бала кезінен жануарларға жақын болған. Көшеде қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды үйіне әкеліп, оларға қамқорлық жасаған.
Мектепті бітірген соң Алматыдағы медициналық колледжде білім алып, кейін өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеген. Дегенмен оның әскери қызметші болу арманы болған.
Ұлттық ұланға әйел кинологтар қабылданатынын естіген Аружан көп ойланбастан осы мамандықты таңдаған.
Бүгінде оның күнделікті қызметі Чарлимен тығыз байланысты. Ол күшікті тамақтандырып, денсаулығын қадағалайды және арнайы жаттығулар өткізеді.

Аружанның айтуынша, спаниель тұқымдас иттердің денесі шағын әрі қимылы ширақ болғандықтан, олар тар жерлерді тексеруге қолайлы.
Осылайша, Аружан бала күнгі жануарларға деген сүйіспеншілігін әскери қызметпен ұштастырып отыр. Ал оның Чарлимен бірге атқарып жатқан жұмысы Ұлттық ұланның кинология қызметіндегі жаңа тәжірибенің бастамасына айналды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында қызметтік иттердің қалай дайындалатыны және орталық жұмысының ерекшеліктері туралы жазған едік.