Елімізде 5 миллион қарағай отырғызуға 500 миллион теңге бағытталды

Елімізде 5 миллион қарағай отырғызуға 500 миллион теңге бағытталды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Абай және Павлодар облыстарындағы орман алқаптарын қалпына келтіру мен өртке қарсы инфрақұрылымды нығайтуға 500 миллион теңге бағытталды. Жоба аясында 5 миллион қарағай көшетін отырғызу көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры арқылы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – өрттен зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіру және өрттің алдын алу мүмкіндіктерін күшейту.

Министрліктің мәліметінше, жалпы 1,2 мың гектардан астам аумаққа қарағай отырғызу жоспарланған. Биыл көктемде 2,5 миллион көшет егілді. Қалған 2,5 миллион көшетті отырғызу жұмыстары күзде жалғасып, қазір аяқталуға жақын.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 762 гектар жерге 3 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар орман отырғызу техникасын жаңарту, жылыжай кешенін жөндеу және екі модульдік өрт сөндіру станциясын орнату көзделген.

Ал Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватында 450 гектар аумаққа 2 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда да ангар үлгісіндегі екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, жаңа инфрақұрылым орман өрттеріне жедел әрекет етуге және жалынның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Орманды қалпына келтіру және өрт қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Бұдан бұрын «Семей орманы» резерватындағы заңсыз ағаш кесу схемасының жолы кесілгенін хабарлаған едік.