Тоқаев пен Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты

Бүгін, 19:10
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев пен Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты
Фото: akorda.kz

Президенттер Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды.

Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі саналады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін.

Жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту тұрғысынан стратегиялық мәнге ие. Атап айтқанда, ТОБЖ елімізде қосымша халықаралық байланыс желісін іске қосып, отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға және бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қосу рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты. 

– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.

Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу арқылы Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.

– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық, – деді Әзербайжан Президенті.

Ашылу салтанатында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметтері арасында қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді алмасу рәсімі өтті.

Құжат жаһандық көлік-логистика тізбегі өзгеріске ұшыраған қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліздің) орнықты қызмет етуі мен кешенді дамуына арналған ортақ құқықтық негізді қалыптастырады.

Келісім тараптардың инфрақұрылым қуатын кеңейтуін, бағыт бойындағы теміржол, автокөлік және порт аумақтарының осал тұстарын реттеуді, сондай-ақ Каспий айдынында теңіз түбін тереңдететін флот пен теңіз тасымалын бірлесе дамытуды қамтамасыз етеді.

Құжаттың негізгі бөлімі көлік саласын ауқымды цифрландыруға арналған. Бұл ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, «бір терезе» қағидатын енгізуді, жүк қозғалысын толықтай қадағалауды, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану туралы жеке келісім жасасуды қамтиды.

Бұдан бөлек, келісім өзара алдын ала ақпараттандыру, тексеруді азайту және өкілетті экономикалық операторлар мәртебесін тану арқылы әкімшілік, шекаралық және кедендік үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді.