ІІМ: Бір айда елімізде 15 мыңға жуық граффити жойылды

ІІМ: Бір айда елімізде 15 мыңға жуық граффити жойылды
Фото: Астана қаласы ПД

Бір айда республика бойынша 15 мыңға жуық граффити жойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір айдың ішінде полиция қызметкерлері республика бойынша 15 мыңға жуық граффитиді жойды. 6 597 әкімшілік іс қозғалып, алты дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның төртеуі есірткі жарнамасына, екеуі вандализмге қатысты.

Сонымен қатар тұрғындар арасында 18 мыңнан астам түсіндіру жұмысы жүргізіліп, еріктілердің қатысуымен 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл — өз ауласының тазалығына бейжай қарамайтын, көшесінің қауіпсіз болғанын қалайтын адамдардың ортақ іске қосқан үлесі.

«Егер қабырғадан есірткі жарнамасын байқасаңыз немесе біреудің қоғамдық мүлікті бүлдіріп жатқанын көрсеңіз, 102 нөміріне не полицияның ресми аккаунттарына хабарлаңыз. Таза көше — ортақ жауапкершілік. Қауіпсіз орта — бірлескен еңбектің нәтижесі», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Президент Астана әкіміне граффити салатындарға қатаң шара қолдануды тапсырды. Ал Ішкі істер министрлігі заңсыз граффити салуға қарсы жұмысты күшейтті.