Сайлау күні басқа елді мекенде болсаңыз, қалай дауыс беруге болады
Орталық сайлау комиссиясы мұндай жағдайда не істеуге болатынын еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОСК ақпаратына сілтеме жасап.
Егер дауыс беру күні басқа қалада, облыста немесе елде болып, тұрақты тіркелген жеріңіз бойынша дауыс бере алмайтын болсаңыз, қазір есептен шығару куәлігін алуға құқығыңыз бар. Осылайша, 23 тамызда болатын жеріңіз бойынша дауыс бере аласыз.
Орталық сайлау комиссиясы еске салады:
-Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға құқығы бар. Ол үшін жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну жеткілікті.
Есептен шығару куәлігі 7 тамыздан бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі.
-Есептен шығару куәлігін жеке өзіңіз, сондай-ақ сенімхат бойынша өкіл арқылы алуға болады. Сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді.
Сайлаушы болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
Учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Маңызды! Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Назар аударыңыз: бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі берілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы сайлау учаскелерінің 90%-дан астамы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді екенін жаздық.