Президент Үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды

4 мамыр, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент Үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды
Фото: Ақорда

Президент Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау айрықша өзекті. Қазіргі заманда мұны өзгелерден тәуелсіз болудың бұлжымас қағидасы десек, артық айтқандық емес. Бізге жасанды интеллект пен «бұлтты» технология қызметтеріне арналған инфрақұрылымдық базаны дамыту керек. Осы бағыттағы басты жоба – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру ісін жүйелі жүргізу қажет. Бұл – алдағы уақытта экономикамыздың жаңа индустриялық тірегіне айналатын ауқымды кластер. Мұндай орталықтар кәсіпкерлер мен ғалымдарды есептеу ресурстарымен қамтамасыз етеді. Сенімді цифрлық инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс. Үкімет «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауы қажет. Бұл ретте халықаралық стандарттар және осы саладағы жетекші компаниялар бекіткен талаптар ескерілуге тиіс. Ең бастысы, бұл аса маңызды жоспар еліміздің сұранысына сай және заманауи озық үрдістерді ескере отырып жасалғаны жөн. Дата-орталықтар – сәнді цифрлық технологиялар көрмесі емес», – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік жіті қадағаланбаса, кез келген инфрақұрылым сыр беретінін мәлімдеді. 

«Ұлттық технологиялық өнімнің бәріне қауіпсіздік стандарттарын енгізу керек. Дербес деректерді қорғау міндеті Конституцияда нақты бекітілді. Сондықтан бұл жұмыс құпиялық, тұтастық, қолжетімділік қағидаттарына негізделуі қажет. Мемлекеттік цифрлық қызметтердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – басты талаптың бірі. Ашықтық, жаһандық интеграция және ұлттық мүдде арасындағы теңгерімді сақтау – айрықша маңызды. Мемлекет осы жұмысты тиімді ұйымдастырғаны дұрыс. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі виртуалды кеңістік ауқымынан әлдеқашан шығып кетті. Таяу Шығыстағы оқиғалар жаһандық тәртіптің осал тұстарын айқындап берді. Өкінішке қарай, бүгінде дамыған елдердің цифрлық инфрақұрылымына қатер төніп тұрғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда халықаралық бизнеске қауіпсіздік ауадай қажет. Жаһандық технологиялық қауымдастық үшін институттар мен құқықтық жүйенің тұрақты, ал цифрлық инфрақұрылымның сапалы болғаны өте маңызды. Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Демек осы талаптың үдесінен шыға білу қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар шақыру және инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

«Қазақстанды жайлы аймақтық хаб ретінде таныту үшін көші-қон үдерістері оңтайландырылып жатыр. Оның бәрі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Таяуда қолданысқа енгізілген «Алтын виза» осы бағыттағы елеулі шешімдердің бірі болды. Бұл визаның иегерлері ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті бола алады. Артық әкімшілік жүктемеден босатылады. Оларға едәуір салық жеңілдігі беріледі. Бағдарламаға қатысушылардың және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан азаматтарымен бірдей сапалы білім алуға, медициналық қызметті пайдалануға мүмкіндігі болады», – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керек деп санайды. 

«Жүйеленген деректер – жасанды интеллектіні дамытудың экономикалық негізі. Мұндай деректер технологияның әлеуетін пайдаланып, өнімділікті арттыруға жол ашады. Осы ретте тіл бүкіл жүйені біріктіретін басты құрал болуға тиіс. Ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіру керек. Сонда ғана деректерді құрылымдап, инновацияны барлық салаға енгіземіз. Ортақ деректер жинақталып, өзара үйлесімді және машина оқи алатындай форматта болуға тиіс. Әйтпесе, ең мықты алгоритмнің өзі дұрыс жұмыс істемейді, оның еш пайдасы болмайды. Қазір аса құнды ақпараттың көбі архивтерде шаң басып жатыр. Оның бәрін цифрлық форматқа көшіру қажет. Біз уақыттан ұтылып, мүмкіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Үкімет жасанды интеллект үлгілерін оқыту үшін архивтердегі және қолданыстағы мәліметтерді сапалы деректер торабына жинақтауға тиіс. Бұл жұмысқа дереу кіріскен жөн. Бұдан бөлек, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі деректер сапасын айқындайтын ұлттық стандартты бекітуі керек. Ол экономика, ғылым және бизнес өкілдеріне қолжетімді болғаны абзал. Жалпы, деректерге бағдарланған басқару үлгісіне толық көшу үшін Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың нормативтік базасы мен мазмұнын қайта қарап шығуға тиіс. Мәліметтерді жүйелеп, «деректер қоймасы» деп аталатын бірыңғай желіге кіріктіру маңызды. Жұмыстың тиімділігі соған қарап бағаланады. Біз осы бағытта шұғыл шараларды қолға алмасақ, салынған инвестиция құмға сіңген судай жоқ болады», – деді Президент.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен ЖИ дамыту кеңесінің отырысы өткені туралы жаздық.