Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалауды тапсырды

Бүгін, 14:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалауды тапсырды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.

– Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.