Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады

Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады
Фото: freepik.com

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру бойынша ашық конкурс жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері қатысады.

Өтінім 15-20 қазан аралығында тек онлайн форматта kezekte.kz платформасы арқылы қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысан бойынша электрондық өтінім мен құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет.

Мемлекеттік грант жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі.

Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға қойылатын талаптар:
• кәсіпкердің жобаны іске асыру шығындарының кемінде 20%-ын бірлесіп қаржыландыруы. Бұл ретте бизнес-жобаға тартылатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік те есепке алынады;
• жаңа жұмыс орындарын ашу;
• бизнес-жобада оны іске асыруға қажетті инфрақұрылымның бар екенін немесе құрылатынын көздейтін инвестициялық жоспардың болуы.
Мемлекеттік грант қаражатын мына мақсаттарға пайдалануға болады:
• тауар өндіруге немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салуға, жаңғыртуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге), шикізат пен материалдарды сатып алу;
• материалдық емес активтерді сатып алу;
• технологияларды сатып алу;
• франчайзинг құқықтарын сатып алу;
• зерттеу жұмыстарына немесе жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарды өтеу.

Мемлекеттік грант қаражатын басқа мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Кәсіпкер бизнес-жобаны грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 18 айдан асырмай іске асыруы тиіс.
Қосымша ақпарат алу үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады:

+7 (7172) 556-903, +7 (7172) 556-919, +7 (7172) 556-921, +7 (7172) 556-910.

Электронды пошта: b.kasymov@astana.kz