Астаналық студенттер жүрек ауруларын анықтайтын ЖИ жүйесін әзірледі

Астаналық студенттер жүрек ауруларын анықтайтын ЖИ жүйесін әзірледі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Astana IT University студенттері жүрек ауруларының ықтимал белгілерін жасанды интеллект көмегімен анықтауға арналған CardioScan платформасын әзірледі. Жоба AI-SANA бағдарламасының үшінші кезеңі аясында ұйымдастырылған көрмеде таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

CardioScan – электрокардиограмма (ЭКГ) деректерін талдауға арналған интеллектуалды жүйе. Ол портативті ЭКГ құрылғысы мен мобильді қосымшадан тұрады.

Құрылғы жүректің электрлік белсенділігін тіркейді, ал қосымша алынған сигналдарды көрсетіп, жасанды интеллект арқылы алдын ала талдау жүргізеді. Нәтижесінде дәрігердің қарауына арналған есеп қалыптастырылады.

Сонымен қатар пайдаланушылар бұрын түсірілген ЭКГ-ның фотосуретін жүктеп, оны талдата алады.

Жобаны әзірлеушілердің бірі, Astana IT University бірінші курс студенті Артем Пинигиннің айтуынша, жасанды интеллект моделі 33 мың сурет пен ЭКГ деректері негізінде оқытылған.

«Біз жүрек патологияларын анықтауға арналған жүйе әзірледік. Құрылғымыз арқылы адамның ЭКГ-сын түсіріп, алынған деректерді жасанды интеллект моделіне жібереміз. Модель 33 мың сурет пен ЭКГ деректері негізінде оқытылған. Ол алынған ақпаратты талдап, жүрек ауруларының ықтимал белгілерін, соның ішінде аурудың ерте кезеңдеріндегі өзгерістерді анықтауға көмектеседі», – деді Артем Пинигин.

Студенттің айтуынша, жобаны әзірлеуге Солтүстік Қазақстан кардиоорталығы қолдау көрсеткен. Қазір команда CardioScan жүйесін Astana IT University базасында жетілдіріп жатыр. Университет жас әзірлеушілерге қажетті инфрақұрылым мен материалдар ұсынып отыр.

Алдағы уақытта студенттер клиникалармен ынтымақтастықты кеңейтіп, жасанды интеллект моделін қосымша медициналық деректермен оқытуды жоспарлап отыр. Бұл анықталатын патологиялар санын көбейтіп, талдау дәлдігін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, CardioScan – ЭКГ нәтижелерін алдын ала талдауға арналған әзірлеме. Оның қорытындысы дәрігердің медициналық диагнозын алмастырмайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық өнертапқыш ерекше балаларға көмектесетін робот ойлап тапқаны хабарланған еді.