Астанада Қытайдан 20 FAW жүк көлігін заңсыз әкелген үш адамға қатысты айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, техника шын мәнінде «Евро-2» экологиялық класына сәйкес келген. Алайда кедендік ресімдеу кезінде оны «Евро-5» деп көрсеткен. Ол үшін жалған мәліметтері бар құжаттар пайдаланылған.
«2023 жылдың ақпан-мамыр айларында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі заңсыз әкелінді. Олардың кедендік құны 285 млн теңгені құрады. Кейін техника коммерциялық құрылымдар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 млн теңгеге жеткізілді», — делінген қадағалау органының хабарламасында.
Сот үш айыпталушыны алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған, ерекше ірі мөлшердегі экономикалық контрабандаға кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар сотталғандардан контрабанда затының құны — 285 млн теңге мемлекет кірісіне ортақ тәртіппен өндірілді.
Еске салайық, бұған дейін жеке тауарларды шетелден әкелу қағидалары туралы жаздық.