Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін аталған елден Қазақстанның үш азаматы экстрадицияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Олардың біреуі 2019–2020 жылдары сыбайласымен бірге Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға жәрдемдесуге уәде беріп, алдау жолымен жәбірленушінің жалпы сомасы 368 мың АҚШ доллары қаражатын иемденген.
Тағы бір фигурант денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау мен бұзақылық жасағаны үшін іздеуде болған. Ол 2021 жылы Алматы қаласында адамдар тобы болып жәбірленушіге шабуыл жасап, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген және жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын жеке мүлкін ашық түрде иемденген.
Үшінші күдікті осы жылғы жазда Астана қаласында Қытай азаматының 24 200 АҚШ долларын ұрлады деген күдікке ілінген, бұл аса ірі мөлшерге жатады.
Аталған тұлғалар қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.
Кейіннен олардың Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында жүргені анықталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қайта басталды.
Еске салайық, бұдан бұрын аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған қазақстандық Астанаға жеткізілгені туралы жаздық.