Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға онлайн жазылу енгізіліп жатыр

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға онлайн жазылу енгізіліп жатыр
Фото: ЖИ көмегімен өңделді

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек жүйесі енгізіле бастады. Жаңа сервис азаматтарға қабылдау күні мен уақытын алдын ала таңдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Электронды кезек жобасы алғаш Ақмола облысында іске қосылып, кейін Алматы қаласында енгізілді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша сервисті Ақмола облысында 2 580, Алматыда 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жазылуға болады. Ол үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңбамен порталға кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдап, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілеуі қажет.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу аяқталғаннан кейін азаматтың телефонына қабылдау күні мен уақыты, МӘС бөлімінің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша еске салу хабарламасын жолдайды.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинет арқылы жазылудан бас тартып немесе қабылдауды басқа күн мен уақытқа ауыстыра алады. Ал белгіленген уақытта келмеген жағдайда кезек автоматты түрде жойылады.

Ведомство мәліметінше, электронды кезек азаматтардың күту уақытын қысқартып, медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту процесін ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы мен Алматы қаласындағы пилоттық жобаның нәтижелері сараланғаннан кейін электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралады.

Бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілгені хабарланды.