Балаларды Испанияға футбол турниріне апарамын деп 24 млн теңге алған алаяқ сотталды

8 қазан, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Балаларды Испанияға футбол турниріне апарамын деп 24 млн теңге алған алаяқ сотталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада балаларды Испаниядағы халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп, қомақты қаражат алған алаяққа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Сотталған адам ата-аналарды жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тарифі бойынша сапары ұйымдастырылатынына сендірген. Турнирге қатысу ақысын, әуе билеттерін, визалық қызметтерді, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын төлеу деген түрлі сылтаулармен жәбірленушілерден ақшалай қаражат алған. Алайда іс жүзінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай, алынған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған.

9 жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асты.

«Сот үкімімен қаскөйге 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада. 

Келтірілген залал сотталған адамнан өндіріп алынды.

Қала прокуратурасы балалардың шетелдегі спорттық жарыстарға сапарын ұйымдастыру кезінде ұйымдастырушылардың өкілеттіктерін, турнирге ресми шақырудың, тиісті шарттардың, әуе билеттерінің және брондауды растайтын құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеру қажет екенін ескертеді. 

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда «Англияға жұмысқа орналастырамын» деп 92 адамды алдаған әйел сотталғаны туралы жаздық.