Астанада «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері өрт сөндірушілердің жұмысымен танысты

Бүгін, 12:44
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері өрт сөндірушілердің жұмысымен танысты
Фото: Ришат Иркабаев

Елордада Асқар Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында жасөспірімдерге арналған танымдық экскурсия форматында өткізілді. Экскурсияға елордадағы №71 мектептің 5 «И» сыныбында білім алатын, жуырда ғана «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының қатарына қабылданған оқушылар қатысты.

«Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша төрағасы Айдархан Маханбеттің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, әскери және құтқару қызметтеріне қызығушылығын арттыру.

«Экскурсия барысында оқушыларға төтенше жағдайлар мен өрт кезінде алғашқы кезекте жасалатын іс-әрекеттер түсіндірілді. Балалар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметімен танысып, арнайы техникаларды, демалыс және тамақтану орындарын аралап көрді. Сондай-ақ, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, осы сала бойынша білім алуға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындары туралы ақпарат алды.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылы ішінде Астана қаласы бойынша «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына 2 мыңға жуық оқушы қабылданды. Қазіргі таңда олар қаладағы барлық орта білім беру ұйымдарында 5-11 сыныптар аралығында білім алуда», - деді Айдархан Маханбет. 

Іс-шараға қатысқан оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті. 5 «И» сынып оқушысы Нұрәлім Ибрагим өрт сөндіру техникалары мен арнайы киімдер ерекше қызығушылық тудырғанын айтып, болашақта құтқарушы болуды армандайтынын жеткізді. 

«Бүгін бізге өрт сөндіру техникаларын көрсетті. Сонымен қатар демалыс орындары, ас ішетін жерлері және арнайы киім үлгілерімен таныстық. Болашақта мен құтқарушы болғым келеді. Бұл мамандық маған өте ұнайды. Адам өмірін құтқару – өте маңызды, өйткені әр адамның өз отбасы бар», - деді Нұрәлім.

Ал сыныптасы Ерасыл Сартай өрт сөндірушілердің жетістіктері – медальдары мен марапаттары ерекше әсер қалдырғанын атап өтті. 

«Бүгінгі экскурсия маған өте қатты ұнады. Әсіресе, өрт сөндірушілердің медальдары, кубоктары мен грамоталары ерекше әсер қалдырды. Бұл экскурсия менің арманыма үлкен ықпал етті. Мен алдағы уақытта да «Жас сарбаз» қатарында білім алып, өзімді дамытуымды жалғастырғым келеді. Ата-анам мені мақтан тұтады, мен оқу озатымын», - деді ол.

Еске салсақ, Отан қорғаушылар күні қарсаңында елордадағы №111 мектепте «Profi Day: «145 сынып – 145 мамандық» форумы өтті.