Астанада жас заңгерлердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған тренинг өтті

Астанада жас заңгерлердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған тренинг өтті
Фото: Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен Жоғарғы Соты Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен елордада өңірлердің сот төрелігі жүйесі жас өкілдерінің қатысуымен үш күндік тренинг ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Конституциялық Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот төрелігінің жас өкілдеріне арналған тренинг бес сессия аясында өткізілді.

Peer-to-peer форматындағы сессия барысында Орталық Азия елдерінің конституциялық және Жоғарғы соттарының судьялары, прокуратура және адвокатура өкілдері мәнсаптық даму, сот практикасы және құқық қолданудың заманауи сын-қатерлері мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айжан Жатқанбаева, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Гүлмира Исамберлиева, Қырғыз Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Чинара Айдарбекова, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Эльмира Байтикова Қатысушыларға өз тәжірибелерін бөлісті.

Жеке блок Венеция комиссиясының құқық үстемдігі жөніндегі Бақылау тізіміне және сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Оған заң ғылымдарының кандидаты, құқық үстемдігі, сот реформасы және қылмыстық әділет саласының сарапшысы, Penal Reform International Кеңесінің мүшесі Дмитрий Нурумов; Халықаралық әйел-судьялар қауымдастығының (IAWJ) Еуропалық өңірлік өкілі, Қылмыс салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі трибуналдың бас судьясы Ита Фарелли; сондай-ақ Еуропалық адам құқықтары сотының судьясы Анна Адамска-Галлант (онлайн форматта) қатысып, Еуропалық адам құқықтары сотының практикасындағы пропорционалдық қағидаты тақырыбын ұсынды.

Сот төрелігін цифрландыру сессиясында цифрлық құқықтар, дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік саласының сарапшысы, Digital Rights Center Kazakhstan заңгері, Maqsut Narikbayev University Жоғары құқық мектебі директорының орынбасары Дана Утеген, сондай-ақ TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы басқарма төрағасы, «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының негізін қалаушы Азиза Шужеева дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, сот жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және заңгерлердің цифрлық құзыреттерін дамыту мәселелерін қарастырды.

Халықаралық құқық және адам құқықтары саласының сарапшысы, адвокат, PhD Халида Ажигулова және құқық үстемдігі, тергеу жүргізу және гендерлік зорлық-зомбылыққа, оның ішінде балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық сарапшы Ирина Урумова сот жүйесіндегі гендерлік теңгерімнің маңызын және әйелдер мен қыздардың сот төрелігіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету тетіктерін талқылады.

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясының мемлекеттік құқық ғылыми-білім беру орталығының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Раушан Жүсіпова судья әдебі қағидаттарын таныстырды.

Maqsut Narikbayev University халықаралық құқық департаментінің аға оқытушысы, заңгер-кеңесші, литигатор Рамазан Көкжалов құқықтық аргументация бойынша практикалық сессия өткізді. Осы университеттің әлеуметтік ғылымдар саласындағы сарапшысы, оқытушысы әрі зерттеушісі Айгерім Құсайынқызы өзін таныстыру, жанжалдарды басқару және кәсіби коммуникация, соның ішінде әлеуметтік желілермен жұмыс істеу дағдылары бойынша тәжірибелік оқыту жүргізді.

Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Рогов жас мамандардың кәсіби дамуына салынатын инвестиция тек жеке мәнсаптардың дамуына ғана емес, сонымен қатар құқық үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген институттарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі күшейтіліп жатқанын жаздық.