Досхан Жолжақсынов: Наурыз - ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі

Бүгін, 10:04
Думан Аманжол Думан Аманжол
Досхан Жолжақсынов: Наурыз - ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі
Фото: Досхан Жолжақсыновтың жеке мұрағаты

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досхан Жолжақсынов барша қазақстандықтарды көктемнің жаңаруын білдіретін ұлық мереке — Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Өз құттықтауында өнер иесі Наурыздың халқымыз үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдардың да рухани жаңғырып, бір-біріне ізгі тілек арнайтын кезеңі.

«Әз-Наурыз – ұлтымыздың көнеден келе жатқан ұлық мейрамы. Бұл күн – халқымыздың бір-біріне деген ықыласы мен мейірімі, бірлігі мен татулығы айқын көрінетін ерекше кезең. Ағайынның арасы жақындасып, ақ тілектер айтылатын бұл мереке – ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі. Сондай-ақ, биыл біз тек Наурыз мейрамын ғана емес, барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мерекесін де қатар қарсы алып отырмыз. Оның үстіне жуырда өткен референдум арқылы жаңа Ата заңымыздың қабылдануы – еліміз үшін маңызды тарихи қадам болды. Осындай игі жаңалықтардың бәрінің көктем мезгілімен тұспа-тұс келуі – жақсылықтың жаршысы деп білемін», - деді ол.

Халық әртісінің сөзінше, күннің жылуы, табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің қайта түлеп, бүршік жаруы – мұның бәрі адам жанына да серпіліс береді.

«Жаңару мен жаңғыру – әсіресе жастарымыз үшін үлкен жауапкершілік. Бүгінгі заман – жігерлілікті, мәрттікті және кеңпейілділікті талап ететін кезең. Осы мерекелер баршаңызға құтты болсын! Әр шаңыраққа амандық, береке тілеймін. Қарттарымыз аман, дендері сау болсын. Жас отбасыларға бақыт тілеймін, тіккен шаңырақтарыңыз биік, босағаларыңыз берік, керегелеріңіз кең болғай! Баршаңызға амандық тілеймін», - деп ізгі тілегін айтты Досхан Жолжақсынов.