Бектенов KEGOC-ке оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейтуді тапсырды

Бектенов KEGOC-ке оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейтуді тапсырды
Фото: Үкімет

Алдағы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі тұтыну максимумы 18 200 МВт деңгейіне жетуі мүмкін. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейтіп, батыс өңірді бірыңғай энергожүйеге қосу жобаларын уақтылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш өткен жылғы күзгі-қысқы кезеңмен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Электр энергиясын тұтыну көлемі де 2 млрд кВт/сағатқа немесе 3%-ға өсіп, өндіріс көлемі 2,1 млрд кВт/сағатқа артады деп болжанып отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов мәлімдеді.

Болжам бойынша алдағы күзгі-қысқы кезеңде Оңтүстік аймақтағы электр энергиясын тұтыну максимумы 5 100 МВт деңгейінде болады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 700 МВт-қа жоғары.

Оңтүстік өңірдегі ықтимал қуат тапшылығы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиті арқылы жабылады.

Отырыста Премьер-министр оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейту және батыс өңірді Қазақстанның бірыңғай энергожүйесіне қосу жобаларының стратегиялық маңызын атап өтті.

«Сіз атап өткен екі аса маңызды жоба бар – оңтүстік аймақты күшейту және батысты бірыңғай энергожүйеге қосу. Барлық жұмыстар сапалы, уақтылы жүргізілуге тиіс. Өте маңызды, стратегиялық маңызы бар нысандар. Жеке бақылауыңызға алыңыз», – деді Олжас Бектенов.

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Алматының бірқатар ауданында электр қуаты өшіп қалған еді. Энергетика министрлігі бұған Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде электр қуаты ағынының күрт өзгеруі себеп болғанын, соның салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, кей өңірлердегі тұтынушылардың электр желісінен ажыратылғанын хабарлаған болатын. Артынша министрлік KEGOC желілері бойынша электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілгенін мәлімдеген еді.