KEGOC желілері бойынша электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді - министрлік
Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ желілері бойынша электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта өңірлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жекелеген тұтынушыларды кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізуде. Жақын уақытта электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар, жекелеген пабликтерде Өзбекстандағы электрмен жабдықтаудағы іркілістер Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат салдарынан орын алды деген ақпарат таралуда. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», делінген хабарламада.
Ведомство жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, Алматы қаласының бірқатар ауданында электр өшіп қалды. Энергетика министрлігі түсіндіруінше, Азияның энергетикалық жүйесінде электр қуаты күрт өзгеріп, апатқа қарсы автоматика іске қосылған, сондықтан кейбір өңірлердегі тұтынушылар электр қуатынан ажыратылған.