Қазан айында теңге бағамы 3 пайызға төмендеді: Ұлттық банк мәлімдемесі

2 қараша, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазан айында теңге бағамы 3 пайызға төмендеді: Ұлттық банк мәлімдемесі
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазан қорытындысы бойынша теңге 3 пайызға әлсіреді. Курс долларына 453,77 теңгені құрады. Қазақстан Ұлттық банкі айды қорытындылап, қараша айында валюта нарығында қандай операциялар жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 474 млн АҚШ долларынан 397 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазан айында алтын сатып алуды теңестіру операциялары аясында шамамен 302 млрд теңге алынды. Қараша айында осы мақсатта 302 млрд теңге баламасында шетел валютасы сатылады деп күтіледі.

ҚР Үкіметінің өтінімдері аясында қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты Ұлттық Банк Ұлттық қордан 910 млн АҚШ долларын сатып алды. Бұл көлем нарық конъюнктурасы ескеріле отырып, Ұлттық қормен жүргізілетін операцияларды теңестіру аясында ішкі валюта нарығында сатылады. Бұл шара теңге бағамын іргелі факторларға сәйкес ұстап тұруға және алыпсатарлыққа қатысты күрт ауытқуларға жол бермеуге бағытталады.

Ұлттық Банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ теңестіру тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайтынын атап өтті. Реттеуші қазан айында валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін Ұлттық Банк БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде қазан айында биржадағы сауда-саттықта жалпы сомасы 568 млн АҚШ доллары немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 7%-ы көлемінде шетел валютасын сатып алды. Алдағы шешімдер де нарықтағы ахуал ескеріле отырып зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында қабылданады.

Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты толық ашып көрсетуін жалғастырады. Қысқамерзімді келешекте теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.