2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) елдерімен тауар айналымы $8,8 млрд-қа жетіп, 14,4%-ға өсті. Ал 2005 жылдан бері ел экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $30 млрд-тан асты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Вице-премьер Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасы аясындағы негізгі бағыттардың қатарында өзара сауданы кеңейту, көлік-логистика байланысын дамыту және сапалы инвестициялар тарту мәселелерін атады.
«Біздің ортақ міндетіміз – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, кедергілерді біртіндеп жою, сауда рәсімдерін жеңілдету, электрондық сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көршілес мемлекеттер нарығына шығу мүмкіндігін кеңейту», — деді Серік Жұманғарин.

Тағы бір маңызды бағыт – көлік инфрақұрылымын дамыту. Қазақстан көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттырып, теміржол және автомобиль жолдары инфрақұрылымын жаңғыртып, мультимодальды тасымалды дамытып келеді. Трансшекаралық тасымалды жеделдету үшін көлік жүйелерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, шекарадағы рәсімдерді цифрландыру және жүктерді өткізу уақытын қысқарту қажет.
Қазақстанның ОАӨЭЫ елдеріне салған инвестиция көлемі $4 млрд-тан асты. Ал Қазақстанда өңір елдерінен келген 28 мыңнан астам кәсіпорын және 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген.
Вице-премьердің айтуынша, инвестиция көлемін арттырумен қатар, оларды жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттау маңызды. Қазақстан көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларында халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Өңірлік күн тәртібіндегі өзге де маңызды мәселелер қатарында сауда мен логистиканы цифрландыру, климаттың өзгеруі және су ресурстарын ұтымды пайдалану бар.
Екінші Тянь-Шань форумы 2-3 қарашада Алматыда «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту» тақырыбында өтуде. Форумды Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы Институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Азия даму банкінің стратегиялық серіктестігімен ұйымдастырып отыр.
Форумға ОАӨЭЫ елдерінің үкіметтері, халықаралық қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін қоса алғанда, 400-ге жуық қатысушы жиналды.

Анықтама: Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі алғашқы Тянь-Шань форумы 2025 жылғы 2-3 желтоқсанда Үрімші қаласында (ҚХР) өтті. Форумды ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі мен Азия даму банкінің қолдауымен ОАӨЭЫ институты ұйымдастырды. Оған ОАӨЭЫ елдерінен, халықаралық ұйымдардан, қаржы институттары мен жеке сектордан 300-ден астам қатысушы қатысты.
ОАӨЭЫ – 10 елді: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия және Пәкістанды біріктіретін Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы. Бағдарлама көлік, сауда, энергетика және басқа да салалардағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Еске сала кетейік, елімізде қазан айындағы инфляция деңгейі 0,5%-ға төмендеді.